Әйелімен татуласқан: Сот блогер Жанабыловқа қатысты істі тоқтатты
Сотта блогер кінәсін мойындап, әйелімен татуласқанын растады. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ
Астанада сот блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер туралы әкімшілік істі ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты тоқтатты. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша іс 1 қазанда жабық сот отырысында қаралды. Сот 30 қыркүйекте Жанабыловтың үйінде жанжал шығарып, әйелінің қолынан ұстағанын және оның тыныштығын бұзғанын анықтады. Сотта бұл әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ екені атап өтілді.
Құқық бұзушылық іс материалдарымен, соның ішінде әлеуметтік желідегі бейнежазбамен расталған. Сот дәлелдемелерді зерттеп, оларды іске қатысы бар әрі жол берілетін дәлелдер деп таныды.
Сот отырысында Жанабылов хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады, кінәсін мойындап, әйелімен татуласуға ниетті екенін айтты. Тараптардың жазбаша келісімі іс материалдарына тіркелді.
Жәбірленуші Эльмира Төлегенова сотқа берген түсініктемесінде күйеуі өзіне қол көтермегенін, араларында сөзге келіп қалғанын айтты. Ол да татуласуға ниетті екенін растап, келісімге ешқандай қысымсыз, өз еркімен әрі шынайы түрде қол қойғанын мәлімдеді.
Сотта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 64-бабы бойынша 73-бапта көзделген құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған адам жәбірленушімен немесе арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласқан және келтірілген зиянның орнын толтырған жағдайда әкімшілік жауаптылықтан босатылуы мүмкін екені еске салынды.
Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін Жанабылов осындай сипаттағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылмаған. Сот оның бұл құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, кінәсін толық мойындап, өкінгенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Екі ерлі-зайыпты да сот отырысында растаған жазбаша татуласу келісімі негізінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада блогер Ерболат Жанабылов әйелімен жанжалдасқаннан кейін қамалды.
Сондай-ақ судья Ерболат Жанабыловтың сотынан журналистерді шығарып жіберді.