«Отбасымыздың құпиясы»: судья Ерболат Жанабыловтың сотынан журналистерді шығарып жіберді
Блогердің ісі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр
Астанада Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік іс бойынша жабық сот отырысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алғашқыда Жанабыловқа қатысты сот отырысы ашық өтетіні хабарланған еді. Жәбірленуші Эльмира Төлегенова сот отырысына онлайн қатысатыны белгілі болды. Бірақ, сотталушы Ерболат Жанабылов оның сотына БАҚ өкілдерін кіргізбеуді талап етті.
«Құрметті сот, бұл отбасылық құпия болғандықтан сот отырысының жабық өтуін және БАҚ өкілдері түсірген бейнежазба мен суреттерді өшіруін сұраймын», - деді Жанабылов.
Оның бұл өтінішін әйелі Эльмира Төлегенова да қолдады.
«Айыпталушы Ерболат Жанабыловтың өтінішін қабылдай отырып, барлық БАҚ өкілін сот залынан шығуын және түсірген бейнежазба мен суреттерді өшіруін сұраймыз», - деді судья Әсия Сүлейменова.
Айтып өткеніміздей, блогердің ісі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.
Айта кетейік, танымал блогер Ерболат Жанабылов әйелі Эльмира Төлегеновамен ұрысқаннан кейін ұсталды. Ерлі-зайыптылар арасындағы жан-жалды Эльмира Төлегенова әлеуметтік желіге жүктеп, қолындағы қызарған іздерді көрсетті.