Трамп қайтыс болған жақтасы туралы жағымсыз пікір жазған шетелдіктердің визасын тартып алды
Бұл виза саясатының бір бөлігі деген болжам бар

АҚШ Мемлекеттік департаменті әлеуметтік желілерде консервативті белсенді Чарли Кирктің өлтірілуіне қатысты жағымсыз пікір жазған алты шетелдіктің визасын қайтарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
«АҚШ өз азаматтарына өлім тілейтін шетелдіктерді қабылдауға міндетті емес», - делінген департаменттің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.
Визасы жойылған адамдардың Оңтүстік Африка, Аргентина, Мексика, Бразилия, Германия және Парагвайдан келгені белгілі болды.
Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, Аргентина азаматы өз жазбасында Киркті «нәсілшілдік, ксенофобия және әйелдерге қарсы риториканы таратты» деп айыптаған. Ал Германия азаматы «фашистер өлгенде, демократтар жоқтамайды» деп неміс тілінде жазған.
Департамент сондай-ақ Кирктің өлімін «мереке ретінде атап өткен» өзге елдің азаматтарын да анықтап жатқанын хабарлады. Бұған дейін ведомство саясаткердің өлімін қолдағандарға шара қабылданатынын ескерткен болатын.
Айта кетсек, жыл басынан бері Трамп әкімшілігі иммиграцияға қарсы үлкен науқан жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желілерді қатаң тексеріп, мыңдаған студенттік визаларды қайтарып, басқа визалардың жарамдылық мерзімін қысқартуға тырысты.
Консервативті белсенді, Дональд Трамптың жақтасы болған Чарли Кирк Turning Point USA ұйымының негізін қалаған. Ол жастар арасында оңшыл идеяларды насихаттаумен жақсы танылған. 2025 жылғы 10 қыркүйекте Юта штатындағы университетте сөйлеп тұрған кезде оққа ұшып, алған жарақатынан қайтыс болды. Күдікті ретінде 22 жастағы Тайлер Робинсон ұсталды, оған кісі өлтіру және қаруды заңсыз пайдалану баптары бойынша айып тағылған.
Президент Дональд Трамп Киркті қайтыс болғаннан кейін Президенттік Бостандық медалімен марапаттады.