Әлемдік көшбасшылар Мысырда Газа бойынша бейбіт келісімге қол қойды
Шарм-эль-Шейхте келісім орнады

АҚШ президенті Дональд Трамп, Мысыр президенті Абдул-Фаттах ас-Сиси, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Катар әмірі Тамим бин Хамад әл-Тани Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл келісім аймақтағы қарулы қақтығысты тоқтату бағытындағы маңызды қадам ретінде қарастырылады. Келісімге аталған елдердің басшылары делдал ретінде қатысқан.
Саммит барысында Дональд Трамп бұл оқиғаны «тарихи серпіліс» деп атады.
«Бүгін біз атап өтіп отырған бұл маңызды жетістік – тек Газа соғысының аяқталуы ғана емес. Бұл бүкіл Таяу Шығыс үшін жаңа бастама болады. Енді біз террор жолынан түбегейлі бас тартқан, күшті, тұрақты және өркендеген аймақ құра аламыз», – деді Трамп.
Мысыр президенті Ас-Сиси өз сөзінде Израиль мен Палестина арасындағы дауды шешудің ең әділ жолы «екі мемлекет» қағидасына негізделген шешім екенін атап өтті.
Алайда, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл ұсынысқа бірнеше рет қарсылық білдірген. Трамптың жоспары Палестиналық мемлекеттің құрылу мүмкіндігін жоққа шығармайды, бірақ ол үшін Газа секторында ұзақ мерзімді өтпелі кезең мен
Палестина әкімшілігінің реформалары қажет екенін айтады.
Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта өз кезегінде Еуропа Одағы бейбітшілікті қолдауға, Газа секторын қалпына келтіруге және Палестина автономиясын қолдауын жалғастыруға уәде берді.