Дональд Трамп 13 қазанда Израильге баруы мүмкін
Ол Газа секторына да барады деген болжам бар

АҚШ президенті Дональд Трамптың Израильге ресми сапары дүйсенбі, 13 қазанда өтуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Kan телеарнасының мәліметінше, Трамптың сапарына қатысты ақпарат Израиль өкілдері мен Ақ үй арасындағы таңертеңгі консультациялар барысында белгілі болған.
«Сапардың егжей-тегжейі әлі нақтыланбаған, және бұл мәселе бойынша белгісіздік жоғары болып тұр»,- деп хабарлады Kan.
Израиль президенті Ицхак Герцогтың кеңсесі 9 қазанда Трамптың Иерусалимге 12 қазанда келуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Сол күні Дональд Трамп Ақ үйде өткен отырыста Израиль парламенті Кнессетте сөз сөйлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы Египетте өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталғанын хабарлаған еді.
Оның айтуынша, келісімнің бірінші кезеңі:
- барлық тұтқындарды босатуды,
- және Израиль әскерінің Газа секторы ішіндегі келісілген шепке шегінуін қамтиды.
АҚШ президентінің бұл мәлімдемесінен кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оны Кнессетте сөз сөйлеуге ресми түрде шақырды.
Трамп бұл шақыруды қабылдап, Таяу Шығысқа 11 немесе 12 қазанда келуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Газа секторына бару мүмкіндігін де жоққа шығармады.