Чехия Еуропа мен НАТО-ға адал болып қала береді - Андрей Бабиш
ANO партиясы 34,5% дауыс жинады

Чехияда парламенттік сайлауда оңшыл популистік ANO партиясы жеңіске жетіп, коалициялық келіссөздерді бастағанын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Партия лидері, бұрынғы премьер-министр әрі миллиардер Андрей Бабиш жаңа үкімет Еуропалық одақ (ЕО) және НАТО ұйымдарына бейімді саясатты жалғастыратынын атап өтті.
Бабиш журналистерге берген сұхбатында бұған дейін басқарған үкіметі «жоғары нәтижелер көрсеткенін» және «ЕО-ның сенімді серіктесі болғанын» еске салды.
Сенбі күні өткен дауыс беруде ANO партиясы 34,5% дауыс жинап, 200 орыннан 80 мандатқа ие болды. Екінші орында қолданыстағы премьер-министр Петр Фиала басқаратын консервативтік «Бірге» блогы қалып, 23,2% дауыс жинады.
Қазіргі таңда Бабиш басқаратын қозғалыс басқа оңшыл партиялармен үкімет құру үшін коалициялық келіссөздер жүргізіп жатыр.
Саясаткердің айтуынша, Чехия мен Еуропа елдері «жаңа сын-қатерлерге дайын болуы тиіс». Ол өз қозғалысын «Еуропа патриоттары» деп атап, алдағы сайлауларда жеңіске жету ниетін білдірді.
«Біз келесі сайлауда жеңіске жеткіміз келеді, өйткені Еуропа әлсіреп барады. Ол бәсекеге төтеп бере алмай отыр», — деді Андрей Бабиш.
Бабиш Чехия саясатында ықпалды тұлға. Ол 2017–2021 жылдары премьер-министр қызметін атқарып, ел экономикасын тұрақтандыруға және ЕО елдерімен ынтымақтастықты арттыруға үлес қосқан. Сарапшылардың пікірінше, оның қайта саяси аренаға шығуы Чехияның сыртқы саясатында айтарлықтай өзгеріс әкелуі мүмкін.