Непалдағы саяси дағдарыс: премьер-министр отставкаға кетті, президенттің резиденциясы өртенді
Наразылықтың негізгі толқыны кеше, 8 қыркүйекте басталған еді

Непал премьер-министрі Шарма Оли жаппай наразылық акцияларына байланысты отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы оның көмекшісі Пракaш Силвал хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
NDTV арнасының хабарлауынша, наразылық білдірушілер ел президенті Рам Чандра Пауделдің резиденциясына басып кіріп, өрт қойған. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда демонстранттардың президент үйін қиратқаны бейнеленген.
Бұған дейін Nepal News порталы шерушілердің ел астанасы Катмандуда бірқатар саясаткерлердің үйлеріне от қойғанын хабарлады. Олардың арасында Коммунистік партия (маоистік орталық) жетекшісі Пушпа Камал Дахал, байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Притхви Субба Гурунг, сондай-ақ отставкаға кеткен ішкі істер министрі Рамеш Лехака бар.
9 қыркүйекте парламент ғимараты алдында мыңдаған адам үкіметтің толық отставкасын талап етіп жиналды. Шерушілер автокөліктердің қозғалысын бөгеп, тағы да өрт шығарған. Билік ел астанасында белгісіз мерзімге коменданттық сағат енгізді.
Наразылықтың негізгі толқыны 8 қыркүйекте басталды. Мыңдаған жастар «Z буыны революциясы» деп аталған акцияға шығып, үкіметтің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді шектеу туралы шешіміне, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсылық білдірді.
India Today дерегінше, полиция шеруді тарату үшін қару, су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Салдарынан 19 адам қаза тауып, 100-ден астамы жарақат алды. Наразылық елдің басқа да ірі қалаларында өтті.