Франция Башар Асадқа қатысты ордер шығарды
Франция билігі соғыс қылмыстарын жасағандар жазасыз қалмайды дейді

Франция соты Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа және тағы алты жоғары лауазымды шенеунікке халықаралық қамауға алу ордерін берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс 2012 жылы Хомс қаласының бомбалауына байланысты қозғалған. Шабуыл кезінде 56 жастағы америкалық журналист Мари Колвин (The Sunday Times басылымы) және 28 жастағы француз фотографы Реми Ошлик қаза тапқан.
Француз билігі бұл оқиғаны соғыс қылмысы және адамзатқа қарсы қылмыс ретінде тергеп жатыр.
Ордер тек Башар Асадқа ғана емес, оның айналасындағы бірнеше ықпалды тұлғаға да берілген. Олардың ішінде:
- Асадтың ағасы Махер Асад, Сирия армиясының 4-ші бронетанкті дивизиясының бұрынғы басшысы;
- бұрынғы барлау басшысы Али Мамлюк;
- армияның бұрынғы бас штабының бастығы Али Аюба бар.
Тергеу мәліметінше, Сирия билігі әдейі шетелдік журналистер жасырынған орталықты нысанаға алған.
Башар Асад билігі 2011 жылдан бері оппозицияға қатыгез қысым көрсетіп келген. Әртүрлі дерек бойынша, 13 жылға созылған азаматтық соғыс кезінде 500 мыңнан астам сириялық қаза тапқан.
2024 жылғы 8 желтоқсанға қараған түні Асад режимі құлап, оппозициялық күштер небәрі 12 күн ішінде Дамаск пен барлық ірі қалаларды басып алған. Билік әскер тарапынан айтарлықтай қарсылық болмаған.
Башар Асад кейін Ресейге қашып барып, саяси баспана алғаны хабарланды.
Парижде ордердің берілуі Францияның халықаралық құқық пен әділеттілікті қорғаудағы қағидаттарына сай екені айтылды. Франция билігі соғыс қылмыстарын жасағандарға жазасыздық болмайды деп мәлімдеді.