Лиссабонда фуникулер рельстен шығып, 15 адам қаза тапты
18 адам жарақат алған

Лиссабондағы ең танымал туристік көлік «Глория» фуникулері апатқа ұшырады. Қала орталығындағы тік қыратта қозғалып келе жатқан екі сары вагонның бірі рельстен шығып, ғимаратқа соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы мәлімет бойынша, 15 адам қаза тапқан, тағы 18 адам жарақат алған. Олардың бесеуі ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Жеңіл жарақат алғандар арасында бір бала бар.
«Бұл - үлкен қасірет. Лиссабон қара жамылды. Біздің қаламызда мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған», — деді Лиссабон мэрі Карлуш Муэдаш.
Апат жергілікті уақытпен 18:05-те болған. Бір вагон толықтай қирап қалды. Куәгерлердің айтуынша, фуникулер басқарудан шығып, «үлкен жылдамдықпен» ғимаратқа соғылған.
Қаза тапқандардың арасында шетелдік туристер де бар, бірақ олардың қай елдерден екені әзірге хабарланған жоқ.
«Глория» фуникулері Лиссабонның ең танымал тарихи нысандарының бірі және Португалияның ұлттық мәдени мұрасына енген.