Қытайда су тасқыны 13 адамның өмірін қиды
Үкімет табиғи апаттың зардабын жоюға 32 миллион юань бөлді

Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясындағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нөсер жауын жауды
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, бұл мәлімет 2025 жылдың 9 тамызында таңертең жарияланған.
«Ганьсу провинциясының Юйчжун ауданында болған су тасқыны салдарынан 13 адам қаза тапты», - делінген хабарламада.
Табиғи апат 4,5 миллион тұрғыны бар Ланьчжоу қаласын (провинцияның әкімшілік орталығы) ойрандап кетті. Билік толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға кірісті. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Үкімет көмек қолын созды
Қытай орталық телевидениесі (CCTV) сондай-ақ үкімет Ганьсу және Гуанси провинцияларына су тасқынымен күрес және табиғи апаттың зардабын жою жұмыстарына қолдау көрсету үшін 32 миллион юань бөлгенін хабарлады.
Бұған дейін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында аспалы көпір құлап, бес адам қаза тапқан болатын.