Босқындардың енді Германияға кіруі қиындайды
Жаңа канцлер бұған дейін елге біліксіз мигранттар көп келген дейді

Он күн бұрын сайланған Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц Бундестаг трибунасынан алғашқы сөзін сөйледі. Ол көші-қон заңнамасын күшейтетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy ВВС-ге сілтеме жасай отырып.
Германия канцлері елде көші-қон саясаты қатаңдайтынын ескертті. Шекара бақылауы күшейіп, мигранттарды қабылдайтын бірқатар бағдарлама тоқтайды. Сирия, Ауғанстан сияқты елдерден келген азаматтарды кері қайтару туралы бастама іске қосылды.
Оның сөзінше, елде ұзақ жылдар бойы көші-қон жұмысы бақылаусыз қалып, төмен білікті мигранттар көптеп келіп, еңбек нарығына қосыла алмай, мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне үлкен салмақ түсірген.
Фридрих Мерц сол адамдарды қоғамға бейімдеп, еңбекке тезірек араластыруды үкіметтің басты міндеті деп санайды. Егер мигрант неміс тілін үйреніп, жұмыс істеп, өзін-өзі асырап отырса, олар елде қалуға мүмкіндік алады.
Канцлер сондай-ақ Германияның бұрынғыдай мигранттарды қабылдайтын ел болып қала беретінін жеткізді.