Германияда ұшақ апатқа ұшырады: адам шығыны бар
Апаттан кейін А2 тасжолындағы қозғалыс уақытша тоқтатылып, оқиға орнында арнайы операция жүргізілді
Германияның Магдебург қаласына жақын маңда А2 тасжолында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, борттағы екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Bild басылымына сілтеме жасап.
Әуе апаты 6 қарашада күндіз Бург қаласы мен Крээнберге демалыс аймағының арасында болған. Полицияның мәліметінше, ұшақ тасжолдың жүріс бөлігіне құлап, өртеніп кеткен. Құтқарушылар борттағы екі адамның да мәйітін тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, апат салдарынан басқа көліктер зардап шекпеген. Ұшақтың құлау себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Мәліметке сәйкес, әуе кемесі Шлезвиг-Гольштейн жерінен ұшып шыққан. Ол аэроклубқа тиесілі екені анықталды. Бортта клуб мүшесі және тағы бір адам болған.
Апатқа байланысты автомагистральдағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Оқиға орнында арнайы операция ұйымдастырылды. Сондай-ақ куәгерлерге психологиялық көмек көрсетілді.