Бүгін, 02:21
Әлем

Бомба туралы жалған хабар Еуропаны әбігерге салды: 27 рейстің жұмысы тоқтатылды

Дублин – Рим рейсі Франциядағы әскери базаға бағытталды. Бірнеше елде ұшақтар тексеріліп, жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылды

Бомба туралы жалған хабар Еуропаны әбігерге салды: 27 рейстің жұмысы тоқтатылды
Фото: istockphoto.com

5 қарашада Еуропадағы кемінде 27 жолаушылар рейсіне бомба қойылғаны туралы жалған хабарламалар түсті. Дублиннен Римге ұшқан ұшақ Франциядағы әскери базаға бағытталса, Болгария мен Италиядағы бірнеше әуе кемесін қонғанға дейін жойғыш ұшақтар алып жүрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл – бір апта ішіндегі осындай қауіп-қатер туралы хабарламалардың екінші толқыны.

Ирландияның Aer Lingus әуе компаниясына тиесілі, Дублиннен Римге бағыт алған Airbus A320 ұшағы Париждің батысындағы Эврё әскери әуе базасына қонды. Борттағы 151 жолаушы мен алты экипаж мүшесінің барлығы аман-есен. Ұшақ жарылғыш заттарды залалсыздандыру мамандарының тексеруіне берілді.

«Жолаушыларды межелі жеріне мүмкіндігінше тезірек жеткізуге тырысамыз», – деп мәлімдеді Aer Lingus өкілдері.

Болгарияда әскери ұшақтар Ryanair әуе компаниясының үш лайнерін алып жүрді. Копенгаген мен Мадридтен шыққан рейстер Софияға жоспар бойынша қонса, Лондоннан ұшқан әуе кемесі Пловдивке бағытталды. Қонғаннан кейін үш ұшақтың барлығы тексерілді. Жарылғыш зат табылған жоқ.

Италияда әскери ұшақтар Хельсинкиден Римдегі Фьюмичино әуежайына бағыт алған Finnair рейсін алып жүрді.

Мадридте 20 минутқа жетпейтін уақыт ішінде бомба туралы үш хат келіп түсті. Соның салдарынан Iberia және Air Europa әуе компанияларының алты рейсіне қауіп төнді. Бірнеше ұшақтың жолаушыларынан тексеру кезінде борттан шығу сұралды.

Варшавада LOT әуе компаниясының Парижге бағыт алған рейсі ұшақ ұшу-қону жолағына бет алған кезде тоқтатылды. Тексеруден кейін жолаушылар басқа әуе кемесіне отырғызылды.