Қарақшылар мұнай танкерінің экипажын кепілге алып, өтемақы талап етті
Аден шығанағында танкерді қарақшылар басып алып, экипажды кепілге ұстаған
Ирактың Басра провинциясындағы тайпа мүшелері Аден шығанағында қарақшылар басып алған мұнай танкерін босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы операция барысында кеме экипажы босатылып, шабуыл жасаған жеті адам ұсталды.
Shafaq News басылымының жазуынша, оқиғаның мән-жайын шейх Әли әл-Шағанби айтып берген. Оның мәліметінше, кеме әл-Шағанба тайпасының мүшесіне тиесілі. Қарақшылар танкер Аден шығанағы арқылы жүзіп бара жатқан кезде басып алып, экипаж мүшелерін кепілге ұстаған және оларды босату үшін ақша талап еткен.
Кемені құтқару үшін оның иесінің Абу-эль-Хасиб ауданындағы және Джикур ауылындағы туыстары шетелдік серіктестерімен бірлесіп, арнайы операция ұйымдастырған.
Операция нәтижесінде қарақшылық шабуылға қатысы бар деген жеті адам ұсталып, экипаж мүшелері босатылды.
Шейхтің айтуынша, шабуыл жасағандардың бірнешеуі қашып үлгерген. Танкердің атауы, операцияның нақты қашан жүргізілгені, экипаж құрамы және оған ресми билік өкілдерінің қатысқаны туралы әзірге толық ақпарат жарияланған жоқ.