Бүгін, 02:19
Әлем

Сербия президенті Александр Вучич қызметінен кетті

Вучич президенттік мерзімі аяқталуына бірнеше ай қалғанда премьер-министр лауазымына үміткер болу үшін отставкаға кетті

Сербия президенті Александр Вучич қызметінен кетті
Фото: dw.com

Сербия президенті Александр Вучич 27 қыркүйек, жексенбі күні халыққа үндеуінде кезектен тыс парламент сайлауына қатысып, премьер-министр лауазымына үміткер болу үшін қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ға сілтеме жасап.

Вучич Сербия президенті қызметіне 2017 жылғы 31 мамырда кірісіп, 2022 жылғы сәуірде қайта сайланған. Оның екінші президенттік мерзімі 2027 жылдың ортасында аяқталуы тиіс еді. Сербия Конституциясына сәйкес, бір адам мемлекет басшысы қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Вучич отставкаға кететінін 2025 жылдың тамызында жариялаған болатын. Алайда сол кезде ол қызметтен кету туралы шешімін премьер-министр лауазымы үшін күрес жоспарымен байланыстырмаған.

Қыркүйектің басында Вучич Халық скупщинасын – бір палаталы парламентті таратып, кезектен тыс сайлауды 25 қазанға белгіледі.

Сол кезде биліктегі Сербия прогрессивті партиясының (SNS) бас комитеті «Біріккен Сербия» тізімін Вучич басқаратынын растады. Ол партия жеңіске жеткен жағдайда премьер-министр қызметіне кандидат болады.

Сербия президентінің міндетін уақытша Халық скупщинасының төрағасы Ана Брнабич атқарады.

Сербиядағы жаппай наразылықтар

Вучич алдағы отставкасы туралы алғаш рет елде жаппай наразылықтар басталған кезде мәлімдеген. Наразылық Нови-Сад қаласында жаңадан жөндеуден өткен теміржол вокзалының шатыры құлап, 16 адамның қаза болуына байланысты басталған.

Наразылық білдірушілердің талаптарының бірі Вучичтің отставкаға кетуі болды. Демонстранттар президент пен оның айналасын кең таралған сыбайлас жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмыспен байланысқа, саяси қарсыластарына күш қолдануға және сөз бостандығын шектеуге айыптады.

Қоғамдық пікір сауалнамаларына сәйкес, ел тұрғындарының шамамен 80%-ы студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарын, ал 64%-ға жуығы наразылық шерулерінің өзін қолдаған.