Бүгін, 06:13
Әлем

Израиль келісімге қол қойылғаннан кейін бір күн өтпей Ливанның оңтүстігіне соққы жасады

Шабуыл өңірдегі ахуалдың қайта шиеленісуіне алаңдаушылық туғызып, тараптар арасындағы келісімнің тағдырына қатысты сұрақтарды күшейтті

Израиль келісімге қол қойылғаннан кейін бір күн өтпей Ливанның оңтүстігіне соққы жасады
Фото: Reuters

Израиль әскері АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасында жасалған негіздемелік келісімге қол қойылғаннан бір күн өткен соң Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, дронмен жасалған соққы Набатия провинциясындағы Набатие әл-Фавка елді мекеніне бағытталған.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) операцияның нысанасы әскери күштердің пайымынша Израиль әскеріне қауіп төндірген күдікті содырлар болғанын мәлімдеді.

«Соққы дронның көмегімен жасалды, өйткені нысананың маңында Израиль әскері болған жоқ. Нысана біздің күштерге қауіп төндірген адам болды», – деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Бұған дейін Израиль мен Ливан АҚШ-тың арағайындығымен Вашингтонда негіздемелік келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, ЦАХАЛ бөлімшелері Ливанның оңтүстігіндегі Литани өзенінің солтүстігі мен оңтүстігінде орналасқан екі ауданнан кезең-кезеңімен шығарылуы тиіс. Бұл аумақтардағы бақылау америкалық әскери қызметкерлердің қатысуымен Ливан армиясына беріледі.

Келісімге қол қойылғаннан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболла» қозғалысы толық қарусыздандырылып, Израильге төнетін қауіп жойылмайынша, Израиль әскері өзі құрған қауіпсіздік аймағынан шықпайтынын мәлімдеді.

Өз кезегінде «Хезболла» жетекшісі Наим Касем бұл келісімді сынға алып, оны Израиль алдындағы тізе бүгу деп атады. Оның айтуынша, ресми Бейрут біржақты жеңілдіктерге барған, ал Израиль әскерінің шығарылуын қозғалысты қарусыздандырумен байланыстыру «қызыл сызықтарды» бұзып, Израиль армиясының Ливанның оңтүстігіндегі қатысуын іс жүзінде заңдастырады.

Израиль Ливанның оңтүстігіндегі әскери операциясын жалғастырып жатыр. Ел билігі бұл әрекеттерін «Хезболла» тарапынан төнетін қауіптің алдын алу қажеттілігімен түсіндіріп отыр.