Филиппинде сыныптастарына оқ жаудырған 14 жастағы бала қатігездікке толы ойынды белсенді ойнаған
Қазір елде ойын бұғатталды
Филиппинде мектепте болған қанды оқиғадан кейін Gorebox мобильді ойын қосымшасы уақытша бұғатталды. Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша, сыныптастарына оқ жаудырған бала осы қатыгездікке толы ойынды ойнаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, бұған дейін Маниланың оңтүстік-шығысында орналасқан Таклобан қаласындағы орта мектептердің бірінде жантүршігерлік оқиға болды. Сабақ үстінде 14 және 15 жастағы екі жасөспірім сыныптастарына оқ жаудырып, салдарынан үш бала қаза тауып, 20 адам жараланған.
Полицияның хабарлауынша, 14 жастағы күдікті Google Play платформасындағы сипаттамасы бойынша «ойыншылар қалағанының бәрін қиратып, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды қолдануға мүмкіндік беретін ұрыстарға қатыса алатын» Gorebox ойынының белсенді қолданушысы болған.
Gorebox ойынын немістің F2Games компаниясы әзірлеген. Айта кету керек, қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер бейнеойындар мен адам бойындағы агрессивті мінез-құлық арасында тікелей байланыс бар екенін растаған жоқ. Соған қарамастан, Халықаралық жас ерекшелігін бағалау коалициясы сюжеттегі шектен тыс қатыгездік көріністеріне байланысты бұл ойынды «тек ересектерге арналған» санатына жатқызған.
Филиппин заңнамасына сәйкес, 14 жастағы жасөспірім жауапқа тарту үшін тым жас, сондықтан полиция сейсенбі күні кешке 15 жастағы күдіктіге «кісі өлтіру» бабы бойынша ресми айып тақты.
Ұлттық полицияның өкілі Аллан Рэй Коның мәлімдеуінше, балалар мектепте қатарластарынан қысым мен қорлық көргендіктен «кек алу» мақсатында осындай қадамға барған. 14 жастағы жасөспірім қолданған 9 мм тапанша оның полицияда істейтін туысына тиесілі болып шықты. Ал 15 жастағы баланың 38 калибрлі тапаншасы атасының күзет агенттігіне тіркелген. Полиция өкілі 14 жастағы баланың желіде қатыгездік сипаттағы контент жариялап тұрғанын, оған интернеттегі ақпараттардың қатты әсер еткенін айтты.
Филиппинде жаппай атыс оқиғалары өте сирек кездеседі, сондықтан бұл жағдай елде үлкен резонанс тудырды. Саясаткерлер мен сенаторлар балалардың интернет арқылы радикалды тәрбие алуына қарсы шараларды күшейтуді талап етуде.