24.06.2026, 22:26
Әлем

Эбола өршіп барады: ДДҰ Конгодағы індетті ел тарихындағы ең ірі ошақ деп атады

Конго Демократиялық Республикасында Эболадан көз жұмғандар саны 267 адамға жетті. ДДҰ өңірде вирустың одан әрі таралу қаупі жоғары екенін мәлімдеді

Эбола өршіп барады: ДДҰ Конгодағы індетті ел тарихындағы ең ірі ошақ деп атады
Фото: © istockphoto.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Конго Демократиялық Республикасындағы қазіргі Эбола індеті ауру тарала бастаған алғашқы айдағы расталған жағдайлар саны бойынша ел тарихындағы ең ірі ошаққа айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

23 маусымдағы мәлімет бойынша, вирустан 267 адам қайтыс болған. Зертханалық жолмен расталған жұқтыру жағдайларының саны 1048-ге жетті. Аурудан көз жұму көрсеткіші 25 пайыздан асып отыр.

Елдің денсаулық сақтау жүйесіне де айтарлықтай салмақ түсуде. ДДҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар туралы хабарлау және әрекет ету басқармасының директоры Абдирахман Махамудтың айтуынша, ауруханалардағы төсек-орындардың 84 пайызы қазірдің өзінде толып қалған.

Індет биыл мамыр айының ортасында Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Уганда аумағында тіркелген. Аурудың қоздырғышы ретінде Bundibugyo штамы анықталды. Бұл штамға қарсы әзірге тіркелген вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ.

ДДҰ мамандарының пікірінше, мұндай вакцина әзірлеуге шамамен алты айдан тоғыз айға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

Алғашқы жағдайлар анықталғаннан кейін ұйым індетті жедел түрде төтенше жағдай деп жариялады. Мамандар өңірде вирустың одан әрі таралу қаупін жоғары деп бағалап отыр.