Бүгін, 06:14
Әлем

Таиланд 93 елдің азаматы үшін визасыз жүру мерзімін ресми түрде қысқартты

Ел билігі енді «сапалы туристерді» тартуға басымдық бермек

Таиланд 93 елдің азаматы үшін визасыз жүру мерзімін ресми түрде қысқартты
Фото: istockphoto.com

Таиланд үкіметі соңғы екі жыл бойы 93 ел азаматына қолданылып келген 60 күндік визасыз режимді алып тастау туралы шешімді мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Thai PBS World-ке сілтеме жасап.

Таиландтың туризм және спорт министрі Сурасак Фанчароенворакул ел бұрынғы 30 күндік визасыз кіру тәртібіне қайта оралатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бірден бірнеше визасыз режим түрі қарастырылған мемлекеттерге қатысты ерекше шарттар да күшін жояды.

Министр Визалық саясат комитеті әр ел бойынша кіру талаптарын жеке-жеке қайта қарайтынын айтты. Шешім қабылдау кезінде қауіпсіздік мәселелері мен экономикалық факторлар ескеріледі.

Өзгерістер күшіне енгеннен кейін көптеген ел азаматтары Таиланд аумағында визасыз 30 күннен артық бола алмайды.

Министрдің сөзінше, үкімет енді туристер санын көбейтуге ғана емес, «сапалы туристерді» тартуға басымдық беруді көздеп отыр.