Африкада қауіпті індет тарады: ДДСҰ халықаралық төтенше жағдай жариялады
Конго мен Угандада Эбола вирусын жұқтыру және өлім жағдайлары көбейіп жатыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай режимін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар ұйым бұл жағдайдың пандемия емес, эпидемия екенін ерекше атап өтті.
Вирустың жаңа өршуі туралы ресми түрде 15 мамыр күні хабарланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Конго Демократиялық Республикасының үш ауданында шамамен 246 күдікті жұқтыру дерегі тіркелген. Оның сегізі зертханалық жолмен расталған.
Сондай-ақ Эбола вирусымен байланысты болуы мүмкін шамамен 80 өлім жағдайы тіркелгені айтылды. Алайда нақты мәліметтер әлі де нақтыланып жатыр.
Көршілес Угандада да екі адамнан вирус анықталған. Науқастардың бірі көз жұмған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры ұйымға мүше мемлекеттермен кеңескеннен кейін халықаралық төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылдаған. Мәлімдемеде індеттің Бундибугио штамымен байланысты екені айтылған. Бұл – Эбола вирусының бір түрі.
Аурудың негізгі ошағы Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Итури провинциясы, нақтырақ айтқанда Монгбвалу мен Рвампара аудандары болып отыр.
Эбола геморрагиялық қызбасы вирус жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтары арқылы таралады. Ауру жоғары температурамен, ішкі қан кетумен және ағзалардың ауыр зақымдануымен сипатталады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Эбола індеті кезінде өлім-жітім деңгейі 50–70 пайызға дейін жетуі мүмкін.