БАӘ-де дрон соққысынан кейін АЭС маңында өрт шықты
Өрт атом электр станциясының қауіпсіздігіне және негізгі жүйелерінің жұмысына әсер етпеген
Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі дрон «Барака» атом электр станциясының ішкі қоршауынан тыс орналасқан электр генераторына тигенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
БАӘ билігінің мәліметінше, радиациялық қауіпсіздік деңгейі толық бақылауда, станция қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, зардап шеккендер жоқ.
Біріккен Араб Әмірліктері оқиғаға нақты қай елдің қатысы барын атаған жоқ. Алайда бұл жағдай Тегеран мен Вашингтон арасындағы соғысты тоқтату шарттарына қатысты келіссөздер іс жүзінде тоқтап қалған кезеңде болғаны атап өтілді.
Бұған дейін БАӘ Иранды энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар үшін айыптап, мұндай әрекеттер аймақтағы қақтығыстың қауіпті ушығуына әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) жағдайды жіті бақылап отырғанын хабарлады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері Тегеран бірнеше рет Парсы шығанағындағы америкалық әскери базалар орналасқан елдерге, соның ішінде БАӘ-ге шабуыл жасаған.
Ал мамыр айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын ашуға бағытталған «Бостандық жобасы» арнайы операциясының басталғанын мәлімдегеннен кейін (кейін операция тоқтатылған), Абу-Даби Иранның БАӘ-ге бағытталған шабуылдары қайта күшейгенін айтқан.