Қазақстандықтар енді Ресейге жаңа тәртіп бойынша ғана бара алады
Азаматтар Ресейге барардан 72 сағат бұрын арнайы қосымша арқылы тіркеледі
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Ресей мемлекеті елге келушілерге жаңа тәртіптер енгізгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге баратын Қазақстан азаматтары үшін «Gosuslugi Ru ID» мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалану талабы енгізіледі. Бұл шара шетел азаматтарының кіруін цифрлық форматта бақылау мақсатында қолға алынған. Жаңа тәртіпке сәйкес, шетел азаматтары аталған қосымшада жеке профиль ашып, Ресей Федерациясына кіру туралы электронды өтінішті мемлекеттік шекараны жоспарланған кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы қажет», - деді Жетібаев.
Оның айтуынша, өтініш қаралғаннан кейін қосымшада елге кіру құқығын растайтын жеке QR-код қалыптастырылады.
«Бұл QR-код өтініш берілген сәттен бастап 90 күн бойы жарамды болады. Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Ресейге барар алдын жаңа талаптарды алдын ала оқып шығып, енгізілген өзгерістерді ескеруге шақырды», - деді ол.