Дағыстанды су басты: 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді
Өңірде төтенше жағдай жарияланған
Дағыстан Республикасындағы алапат су тасқыны өңірдегі жағдайды күрт қиындатып жіберді. Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, толассыз жауын-шашын салдарынан апат аймағынан 3 338 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның 1 033-і – балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала деректер бойынша, 760 тұрғын үй мен 950 ауланы су басты. Қазіргі уақытта ең қиын жағдай Махачкала, Хасавюрт, Дербент, Избербаш, Дағыстандық Оттар қалаларында және Казбек ауданында байқалып отыр. Арнайы құрылған уақытша орналастыру пункттеріне 58 адам жеткізілді.
Республика басшысы Сергей Меликов жауын-шашын мөлшерінің соңғы жылдардағы барлық «антирекордтан» асып түскенін мәлімдеді. Кей аудандарда бір тәулікте 50 мм-ден аса жауын жауған. Росгидромет мамандары соңғы онжылдықта мұндай ауқымды табиғи құбылысты тіркемегенін айтады.
Апат салдарынан аймақтағы инфрақұрылымға айтарлықтай зақым келді. Махачкала, Дербент және Хасавюрт қалаларының бірқатар аудандарында су мен жылу беру жүйесі тоқтатылды, 500 мыңнан астам адам жарықсыз қалды. Хасавюрт - Кадиюрт және Каякент - Берикей өткелдеріндегі теміржол көпірлерінің тіректері құлап, Махачкала - Петербор пойызы бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Махачкалада су деңгейі кей жерлерде 1,5 метрге дейін көтерілуіне байланысты Төтенше жағдай режимі жарияланды.
Төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарына 45-тен астам арнайы техника мен коммуналдық және тиісті қызметтердің 60-тан астам маманы жұмылдырылды. Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтарды орналастыру үшін барлық қажетті ресурстар тартылды.