Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы жолаушылар түгел қаза тапты

Онда 6 экипаж мүшесі мен 23 жолаушы болған 

Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы жолаушылар түгел қаза тапты
Фото: Наталья Селиверстова / РИА Новости

Қырым түбегінде Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 6 экипаж мүшесі мен 23 жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, қайғылы жағдайға техникалық ақау себеп болған. Мемлекеттік дереккөздер ұшақтың жартасқа соғылғанын хабарлаған.

«Іздестіру-құтқару тобы апат болған жерді анықтады. Оқиға орнынан келген мәліметке сәйкес, экипаждың 6 мүшесі мен бортта болған 23 жолаушы түгелдей мерт болған», - деп жазады «Интерфакс» агенттігі.

Министрліктің хабарлауынша, ұшаққа сырттан ешқандай шабуыл немесе соққы жасалмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның өзге де егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі сейсенбі күні сағат 18:00 шамасында әскери-көлік ұшағымен байланыс үзілгенін хабарлаған болатын. Әуе кемесі Қырым аумағында жоспарлы ұшу тапсырмасын орындап жүрген.

Ан-26 жеңіл әскери-көлік ұшағы 1975 жылы қолданысқа берілген. Ол әскер мен техниканы орта қашықтықтарға тасымалдауға арналған.