Иран АҚШ ұсынған жобадан бас тартып, қатаң талап қойды

Олар келіссөз өз шарттарымен ғана жүретінін мәлімдеді

Иран АҚШ ұсынған жобадан бас тартып, қатаң талап қойды
Фото: aa.com.tr

Тегеран Вашингтон ұсынған келіссөздерден бас тартып, АҚШ-қа қатаң талап қойды. Иран ислам Республикасы кез келген диалог тек өз бастамасымен және өз шарттарымен ғана жүретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tasnim-ға сілтеме жасап.

Иранның «Хатам әл-Анбия» орталық штабының ресми өкілі Эбрахим Зольфакари Вашингтонның мәлімдемелеріне қатысты шұғыл жауап қатты. Оның айтуынша, Иран тарапы сырттан таңылған шешімдерге бағынбайды.

«АҚШ-пен байланыс орнату туралы шешімді тек Иран Республикасының өзі қабылдайды. Біз Вашингтонның жоспарымен жүруге ниетті емеспіз», — деп мәлімдеді Зольфакари.

Бұл мәлімдеме Дональд Трамптың «Ирандағы дұрыс адамдармен келіссөз жүргізіп жатырмыз» деген сөзінен кейін жарияланды. Тегеран мұндай жасырын байланыстардың бар екенін ашық түрде жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Иранға 15 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынған еді. АҚШ басшысы талаптар орындалған жағдайда Иранға қарсы санкцияларды алып тастауды және бір айлық уақытша бітім енгізуді уәде еткен.