Дональд Трамп Иранға 15 тармақтан тұратын келісім жобасын ұсынды
Ол бір ай мерзімге уақытша оқ атпау режимін енгізуді ұсынып отыр
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысты тоқтату үшін Тегеранға 15 тармақтан тұратын ауқымды келісім жобасын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Anadolu-ға сілтеме жасап.
Ақ үй әкімшілігі ирандық тарапқа келісім шарттарын талқылау үшін бір ай мерзімге уақытша оқ атпау режимін енгізуді ұсынып отыр. Мәліметтерге қарағанда, құжат Тегеранға Пәкістан арқылы жеткізілген.
Бейбітшілік жоспарының негізгі талаптары: Иранның ядролық потенциалын толық жою және алдағы уақытта мұндай қаруды жасауға талпынбау міндеттемесі. Натанз, Исфахан және Фордодағы ядролық нысандарды істен шығару және бөлшектеу. Ел ішінде уран байытуды тоқтатып, 60 пайыздық байытылған қорды МАГАТЭ-ге өткізу. Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуін қамтамасыз ету.
Егер Тегеран аталған 15 талапты орындауға келіссе, Вашингтон оған қарымта ретінде халықаралық санкцияларды толық алып тастауды уәде етіп отыр. Сонымен қатар, АҚШ Иранға Бушер атом электр станциясы секілді нысандарда бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға көмектесуге дайын.
«Біз қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар (ирандықтар) келісімге келгісі келеді деп ойлаймын», — деді Дональд Трамп.
Сарапшылар не дейді?
Қазіргі уақытта Иран билігі бұл ұсынысқа ресми жауап берген жоқ. Дегенмен, сарапшылар бұл жоспардың орындалуы екіталай деп есептейді, өйткені Иран өзінің зымырандық бағдарламасына шектеу қоюға дайын емес.