АҚШ-та бойжеткен желіге тәуелді болып қалғаны үшін Instagram, Facebook пен YouTube-тен 1,3 миллиард теңге өндіріп алмақ

Ол кішкентай күнінен әлеуметтік желілерден бас көтермеген 

АҚШ-та бойжеткен желіге тәуелді болып қалғаны үшін Instagram, Facebook пен YouTube-тен 1,3 миллиард теңге өндіріп алмақ
Фото: iStockphoto

Лос-Анджелес соты тарихта болмаған үкім шығарды. 20 жастағы Кейли есімді бойжеткен әлеуметтік желілерге тәуелді болып қалғанына Meta (Instagram, Facebook) мен Google (YouTube) компанияларын кінәлап, шағым түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС хабарлағандай, Кейли YouTube-ті 6 жасынан, ал Instagram-ды 9 жасынан бастап қолданған. Соның салдарынан әлеуметтік желіге тәуелділік пайда болған. Ол күніне 16 сағатқа дейін телефоннан бас көтермейтін болған. Кейін психикалық ауруларға шалдыққан. Сонымен бірге, инстаграмдағы сұлулық фильтрлерін көп қолданып, өз түрінен өзі ұялатын дертке - дисморфофобияға ұшыраған.

Сот бұл компаниялар өз бағдарламаларын адамды әдейі тәуелді қылатындай етіп жасаған деген шешімге келді. Енді компаниялар Кейлиге 3 миллион доллар, шамамен 1,3 миллиард теңге, өтемақы төлейді. Зиянның басым бөлігі Meta-ға, қалғаны YouTube-ке жүктелді.

Алғашында Кейли TikTok пен Snapchat-ты да сотқа берген. Бірақ бұл екі компания сот басталмай тұрып, қызбен өзара келісіп, мәселені шешкен. Олардың қанша ақша төлегені құпия болып отыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілер «біз тек платформамыз, баланың денсаулығына ата-анасы жауапты» деп келген еді. Енді бұл сот шешімінен кейін, бүкіл әлемде желілердің алгоритмдеріне қатысты талап күшеюі мүмкін.