$ 489.17  576.63  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау өңірі әлемдегі ең үздік 10 шөлдің қатарына енді

Бозжыра шатқалы мен Үстірт платосының көрінісі өзге ғаламшырға ұқсайтыны айтылды 

Маңғыстау өңірі әлемдегі ең үздік 10 шөлдің қатарына енді
Фото: iStockphoto

Беделді британдық The Telegraph басылымы саяхатшылар өмірінде кем дегенде бір рет көруге тиіс танымал 10 шөлдің тізімін жариялады. Қазақстанның Маңғыстау өңірі әлемге әйгілі Сахара, Атакама және Гоби сияқты мекендермен қатар аталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мақала авторы Сара Маршалл Маңғыстаудың табиғатын өзге планетаның көрінісіне теңейді. Басылым Бозжыра шатқалы мен Үстірт платосының ерекшелігін жазған.

«Біз мұхит түбінде не жатқанын толық білмейміз, бірақ Қазақстандағы Үстірт платосының борлы мұнаралары мен әктас иірімдерін көргенде, мұхит табанының қандай болатынын анық елестетуге болады», - деп сипаттаған автор.

The Telegraph Маңғыстауды «геологиялық ғажайыптардың қазынасы» деп атап, оның басты ерекшеліктерін тізіп көрсетті. Оның ішінде ақ борлы жартасы мен алып құздары үйлескен Бозжыра шатқалы, табиғаттың өзі қашаған жұмбақ домалақ тастар - шарлар алқабы, жартастардың арасында орналасқан көне жерасты мешіттері аталған.

«Каспий жағалауындағы бұл көркем де жабайы табиғатқа тек мұнайлы астана Ақтаудан жол талғамайтын көлікпен, кедір-бұдыр жолмен жетуге болады. Қазіргі уақытта өңірде туризмді дамыту жоспарланып жатыр. Үкімет теміржол станцияларына, жаңа әуежай мен көптеген курорттық аймақтардың құрылысына инвестиция құйып жатыр», - деп жазылған басылымда.

Автор бұл өңірге туристер қаптамай тұрғанда барып, көріп қалуға кеңес берген.