Канада қорғаныс саласын нығайту үшін шетелдік әскерилерді көшіп келуге шақырып жатыр
Алдағы он жылда 125 мың жұмыс орны ашылады
Канада үкіметі білікті мамандарды тартудың басым санаттарын бекітті. Реформа аясында ғылым, денсаулық сақтау және авиация саласының өкілдеріне, сондай-ақ шетелдік әскери қызметшілерге жеңілдіктер берілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер Премьер-министр Марк Карнидің жалпы иммигранттар санын азайта отырып, елге қажетті ғалымдар мен мамандарды шақыру және АҚШ-қа тәуелділікті азайту үшін қорғаныс қабілетін нығайту саясатына негізделген
Иммиграция министрі Лена Метледж Диабтың мәлімдеуінше, Express Entry жүйесіндегі өзгерістер 2026 жылы күшіне енеді. Енді бағдарлама аясында мына мамандарға басымдық беріледі:
- Ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер;
- Топ-менеджерлер;
- Көлік саласының мамандары: ұшқыштар мен авиамеханиктер;
- Медицина қызметкерлері: Канадада жұмыс тәжірибесі бар шетелдік дәрігерлер;
- Әскери мамандар: Канада Қарулы күштеріне қажетті жоғары білікті шетелдік әскери дәрігерлер, медбикелер мен ұшқыштар.
Канада билігі соңғы жылдары тұрғын үй нарығына және әлеуметтік қызметтерге түсетін салмақты азайту үшін иммиграция деңгейін төмендетуге күш салып келеді.
«Канаданың болашағы өзгермелі экономикаға дайын жұмыс күшіне тікелей байланысты», - деді министр Диаб.
Сонымен қатар, Карни үкіметі жаңа қорғаныс стратегиясын таныстырды. Жоспар бойынша, алдағы он жылда қорғаныс саласындағы зерттеулерге бөлінетін инвестиция 85%-ға артып, 125 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Канада НАТО алдындағы міндеттемесіне сай, қорғаныс шығындарын 2035 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-ына дейін жеткізуді көздеп отыр.
Айта кетейік, француз тілін меңгерген үміткерлер мен денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған қолданыстағы бағдарламалар жаңа жобалармен қатар жұмысын жалғастыра береді.