Швейцариядағы өрт: алғашқы қаза тапқандардың жеке басы анықталды
Қаза тапқандар арасында жасөспірімдер бар
Швейцарияның Кран-Монтана тау шаңғысы курортында болған ірі өрттен қаза тапқан алғашқы адамдардың жеке басы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Қаза тапқандар арасында жасөспірімдер бар
Вале кантонының полициясы барда шыққан өрт салдарынан төрт адамның қаза тапқанын растады. Марқұмдардың қатарында 21 және 16 жастағы Швейцария азаматтары, сондай-ақ 18 және 16 жастағы екі жасөспірім бар. Жеке басын анықтау рәсімі аяқталғаннан кейін мәйіттер туыстарына тапсырылған.
100-ден астам адам ем қабылдап жатыр
Өрттен зардап шеккен 100-ден астам адам әлі де ем алып жатыр, олардың бір бөлігі Швейцариядан тыс елдерге жеткізілген. Атап айтқанда, бірқатар науқас Германия клиникаларына шұғыл түрде тасымалданған. Алдағы күндері зардап шеккендерді Франция, Италия және Бельгия ауруханаларына ауыстыру жоспарланып отыр. Жалпы шетелге шамамен 50 адамды жіберу көзделген.
Дәрігерлердің пікірі
Медицина мамандары көптеген науқастың жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар да бар. Кейбір науқастарда дененің 70%-дан астам бөлігі күйген, сондай-ақ түтін жұтудан өкпеге ауыр зақым келгені анықталған. Дәрігерлер ұзақ әрі күрделі емдеу, бірнеше операция қажет болатынын ескертеді.
Өрт қауіпсіздігіне қатысты сын күшейді
Оқиғадан кейін бардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына қатысты сын үдей түсті. Куәгерлер жертөледен шығатын тар баспалдақта адамдардың кептелісі болғанын айтады. БАҚ дерегінше, 2015 жылғы жөндеу кезінде өту жолы тарылған болуы мүмкін. Сонымен қатар қосалқы шығу жолы жиі жабық тұрған, ал авариялық есік темекі шегетін бөлме ретінде пайдаланылған деген ақпарат тарады.
Қайғылы оқиға қалай болды
Қайғылы жағдай 1 қаңтарға қараған түні Кран-Монтана курортындағы Constellation барында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен жарылыс, артынша ірі өрт шыққан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кран-Монтана тау-шаңғы курортындағы өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Швейцария Конфедерациясының Президенті Ги Пармеланға көңіл айтты.
Швейцария билігінің мәліметінше, Кран-Монтана тау шаңғысы курортындағы барда болған өрт салдарынан зардап шеккендердің кемінде 80-і ауыр жағдайда жатыр.
Сонымен қатар Швейцария билігі Кран-Монтана тау шаңғысы курортында болған қайғылы оқиғаға байланысты бес күндік аза тұту жариялады.