$ 505.53  593.44  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Швейцарияда бес күндік аза тұту жарияланды

Елдегі өрттен 40 адам көз жұмып, 119 адам жарақат алған

Швейцарияда бес күндік аза тұту жарияланды
Фото: bbc.com

Швейцария билігі Кран-Монтана тау шаңғысы курортында болған қайғылы оқиғаға байланысты бес күндік аза тұту жариялады. Жаңа жыл түні «Констеласьон» барында шыққан өрт салдарынан кемінде 40 адам көз жұмып, 119 адам жарақат алған. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткендер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Өрт кезінде бар ішінде әртүрлі елден келген қонақтар болған. Италия билігі алты азаматының әлі табылмағанын мәлімдеді.

Италия СІМ басшысы Кран-Монтанаға келді

Жұма күні оқиға орнына Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни келіп, швейцариялық тараптың жедел әрі тиімді тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

Өрттің негізгі себебі аталды

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, өртке бенгаль оттары бекітілген ірі шампан бөтелкесі себеп болуы мүмкін. Вале кантонының бас прокуроры Беатрис Пиллу баспасөзге берген мәлімдемесінде бөтелке дыбыс жұтатын акустикалық панельдермен қапталған аспалы төбеге тым жақын әкелінгенін айтты. Бұған дейін төбеге петарда тигені туралы да болжам болған.

«Жалынның күрт таралу эффектісі» тіркелген

Билік өкілдерінің айтуынша, от flashover деп аталатын қауіпті құбылысты туындатқан. Мұндай жағдайда температура қысқа уақытта 1000–2000 градусқа дейін көтеріліп, оттегінің мөлшері 4% деңгейінен төмендейді.

Мамандардың айтуынша, арнайы қорғаныссыз мұндай ортада тірі қалу мүмкін емес.

Куәгерлердің сөзінше, дереу сыртқа шығып үлгергендер ғана аман қалған, ал эвакуацияға есіктің тарлығы кедергі келтірген.

Залдың толу деңгейі мен зардап шеккендер

«Констеласьон» барына 300 адамға дейін сыяды. Трагедия болған сәтте ол шамамен үштен екі бөлігіне дейін толған.

Тірі қалғандар күйік пен иіс газынан улану диагнозымен ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендер Швейцария, Германия, Италия және Франция клиникаларына орналастырылған.

Контекст

Қайғылы жағдай 1 қаңтарға қараған түні Кран-Монтана курортындағы Constellation барында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен жарылыс, артынша ірі өрт шыққан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кран-Монтана тау-шаңғы курортындағы өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Швейцария Конфедерациясының Президенті Ги Пармеланға көңіл айтты.

Швейцария билігінің мәліметінше, Кран-Монтана тау шаңғысы курортындағы барда болған өрт салдарынан зардап шеккендердің кемінде 80-і ауыр жағдайда жатыр.

Серіктес жаңалықтары