Венесуэлада уақытша президент тағайындалды
Жоғарғы сот бұл қадамның уақытша сипатта екенін атап өтті
Венесуэла Жоғарғы соты елдің бұрынғы атқарушы вице-президенті Делси Родригесті уақытша мемлекет басшысы етіп тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Жоғарғы соттың шешімі неге байланысты қабылданды?
Сот судьясы Таня Д’Амелионың айтуынша, шешім 3 қаңтар күні болған оқиғаларға байланысты қабылданған. Венесуэла билігі бұл жағдайды сыртқы әскери агрессия және елдің қазіргі президенті Николас Мадуроны ұрлау әрекеті ретінде бағалаған.
Жоғарғы сот бұл қадамның уақытша сипатта екенін атап өтті. Негізгі мақсат – мемлекеттік институттардың үздіксіз жұмысын, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету.
Николас Мадуро қызметінен алынған жоқ
AFP агенттігінің мәліметінше, Николас Мадуро ресми түрде президенттік қызметінен шеттетілген жоқ. Бұл – маңызды жайт. Себебі, мемлекет басшысы қызметінен алынған деп танылса, Венесуэла конституциясы бойынша 30 күн ішінде жаңа президент сайлауы өтуге тиіс болар еді.
Делси Родригестің ұстанымы қандай?
DPA агенттігінің хабарлауынша, Делси Родригес уақытша президент міндетін атқаруға дайын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге ол көпшілік алдында Николас Мадуроға адалдығын жасырған жоқ.
«Бұл елде бір ғана президент бар. Оның аты – Николас Мадуро Морос», – деді Делси Родригес Ұлттық қорғаныс кеңесінің отырысында.
АҚШ мәлімдемелері жағдайды ушықтырды
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилердің Каракастағы түнгі операция кезінде Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстап, елден алып шыққанын мәлімдеген еді. Ақпарат көздері әскери және стратегиялық нысандарға, соның ішінде парламент ғимаратына соққылар жасалғанын хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада билік ауысқаннан кейін елді уақытша басқару міндетін АҚШ өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда Венесуэлада жағдай күрделі күйінде қалып отыр, ал халықаралық қауымдастық аймақтағы ахуалды мұқият бақылап отыр.