Ұры 19 мың доллар тұратын «жұмыртқаны» жұтып қойды
Ол медициналық тексеруден өткеннен кейін қамауға алынды
Жаңа Зеландияның Окленд қаласында ер адам ерекше тәсілмен ұрлық жасады: ол зергерлік дүкенінде 33 585 жаңа зеландиялық доллар (19 300 АҚШ доллары) тұратын Фаберже жұмыртқа-медальонын жұтып қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Жұма күні күндіз полицияға Окленд орталығындағы Partridge Jewellers зергерлік дүкенінен қоңырау түскен. Қоңырау шалған қызметкерлер келуші кулонды алып, оны жұтып қойғанын айтқан. 32 жастағы ер адам бірнеше минуттан кейін дүкеннің ішінде ұсталды. Ол медициналық тексеруден өткеннен кейін қамауға алынды. Полицияның хабарлауынша зергерлік бұйым әзірге табылған жоқ.
Guardian басылымының мәліметінше күдіктіге Фаберже жұмыртқасы түріндегі кулонды ұрлады деген айып тағылған.
Fabergé сайтының хабарлауынша кулон 18 караттық сары алтыннан жасалған және жасыл эмальмен қапталған. Ол 60 ақ бриллиант пен 15 көк сапфирмен безендірілген. Ішінде 18 караттық алтыннан жасалған, көздері екі қара бриллианттан тұратын шағын сегізаяқ бар.