Әйгілі америкалық актерге есірткі берген дәрігер 2,5 жылға сотталып кетті
Кетамин препаратын артық қолдану тәуелділік тудырады
Атақты «Достар» ситкомының жұлдызы Мэттью Перриге кетамин жеткізген дәрігер 2,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Актер 2023 жылдың қазан айында есірткінің артық дозасын қабылдап, қайтыс болған.
ВВС мәліметінше, қылмыстық іс бойынша барлығы бес адам тергеліп жатыр. Дәрігер Сальвадор Пласенсия Перриге кетамин бергені үшін жауапқа тартылған алғашқы адам, одан басқа тағы бір дәрігер, актердің жеке көмекшісі және Перридің өліміне себеп болған дозаны берген екі адам жауапқа тартылмақ. Барлығы өз кінәсін мойындаған.
Тергеу барысында анықталғандай, Перри кетаминді Голливудтағы жасырын жеткізу желісі арқылы алған. Актер ресми түрде дәрігер рецепті бойынша препарат қабылдағанымен, оны қосымша көздерден де алуға тырысқан.
Прокурорлардың айтуынша, Пласенсия Перридің үйінде және Лос-Анджелестен 30 шақырымдағы аквариумның автотұрағында инъекция жасаған. Сондай-ақ ол Перридің көмекшісіне кетамин егуді үйретіп, қосымша дозаларды сатқан. 30 қыркүйек пен 12 қазан аралығында актерге 20 ампула кетамин, сондай-ақ таблетка мен шприц сатылған.
Кетамин - диссоциативті анестетик, галлюциногендік әсері бар, тек дәрігердің рұқсатымен қолданылуы тиіс. Прокурорлар Пласенсия мен өзге айыпталушылардың Перридің есірткіге тәуелділігін бас пайдасына қолданғанын атап өтті.
Айта кетсек, 54 жасында қайтыс болған актер Мэттью Перри «Достар» телесериалында Чендлер Бинг кейіпкерін сомдап, көпшілікке кеңінен танымал болған.