«Ішкі тәртіпті бұзбайды»: Бишімбаев түрмеде қандай жұмыс істеп жүр
Ол сотталғандарға ортақ талапты орындайды, дейді ҚАЖК басшысы
ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың қазіргі жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство өкілінің айтуынша, бұрынғы министр сотпен белгіленген тәртіп бойынша жазасын колонияда өтеп жатыр.
«Бишімбаев қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес өзіне тағайындалған жазаны өтеп жатыр. Ішкі тәртіп ережелерін сақтайды. Әрбір сотталған адам сияқты ол да колония ішіндегі жұмысқа тартылады», - деді Қайырбеков.
Мекеме өкілі сотталғандардың барлығы сияқты Бишімбаев та өзіне бекітілген аумақты тазалау, тұрмыстық жұмыстарды орындау сияқты міндеттерді атқаратынын айтты.
«Ол мекеме ішінде еңбек қызметіне қатысады: өз бөлмесінің тазалығын қамтамасыз етеді, күнделікті шаруашылық жұмыстарға араласады. Бұл барлық сотталғандарға ортақ талап», - деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, ол Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов әлі бостандыққа шықпағанын айтты.
«Ол еркіндікке шыққан жоқ, жазасын өтеуді жалғастырып жатыр. Қазір нақты қай мекемеде екенін айта алмаймыз, бірақ ол сот үкіміне сәйкес жазасын өтеп отыр», - деді ведомство өкілі.
Еске салсақ, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов Конституцияның отыз жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінген еді.