$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Нашақорлық, лудомания, зорлық-зомбылық, буллинг: қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолы аталды

«Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс

Нашақорлық, лудомания, зорлық-зомбылық, буллинг: қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолы аталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажетін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Балалар өмірлік дағдының көбін мектепте меңгереді. Олар мұнда тәртіпке бағынып, жүріп-тұру ережелері мен әдеп нормаларын сақтауды үйренеді. Сондықтан мектеп өзара құрмет пен жанашырлыққа толы үйлесімді қоғамның үлгісі болуға тиіс. Балаларды жауапкершілікке баулып, оларға кез келген әрекеттің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдаманың мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдістер арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру», - деді Тоқаев.
 

Президенттің айтуынша, бұл іске директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтерінен бөлек, барша ұстаздар қауымы атсалысуға тиіс. Өйткені бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет.

«Балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақтың көп уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес. Олар жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсуі ықтимал. Сол себепті әр педагог балаларды өз эмоциясын ұстауға, кез келген нәрсеге немесе жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек», - деді мемлекет басшысы.
 

Ол атағандай, нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады.

«Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мен бұл туралы жақында Қауіпсіз Кеңесінің отырысында айттым. Бірақ, ең бастысы, әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да, түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет. Зиянды заттарды тұтыну немесе виртуалды ойындар арқылы шындықтан ажырап, қиялға ерік беру адамды айналасына жексұрын қылып, қоғамнан шеттетеді. Шын мәнінде, мұндай жандар өз болашағына балта шабады. Олар жақсы жұмыс тауып, берекелі отбасын құру мүмкіндігінен айырылады. Өзінің дарынын көрсетіп, биік мақсаттарға жете алмайды», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары