Пайызсыз баспана уәде еткен: Астанада Buyers Union ұйымының ұйымдастырушылары сотталды

Сот бес адамға 5 жылдан 7,5 жылға дейін жаза тағайындап, 44 салымшының пайдасына 111 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алуды міндеттеді

Пайызсыз баспана уәде еткен: Астанада Buyers Union ұйымының ұйымдастырушылары сотталды
Фото: istockphoto.com

Астанада Buyers Union қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оның төрт сыбайласы 5 жыл 6 айдан 6 жыл 6 айға дейінгі мерзімге сотталды. Сот олардың 44 салымшыға келтірген шығыны үшін 111 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алуды міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салымшылардан ақша қалай жиналды?

Buyers Union тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, салымшыларға «пайызсыз баспана мен автокөлік сатып алу» ұсынылған. Осы уәденің негізінде кооператив 2024 жылғы маусымнан 2025 жылғы ақпанға дейін азаматтардан ақша жинаған.

Сот қандай үкім шығарды?

Сотталушылардың бесеуі де кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінген. Сот үкім шығару кезінде осы мән-жайларды, сондай-ақ олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерген.

2026 жылғы ақпанда олардың барлығы осы баптар бойынша бұған дейін де сотталған. Жаңа үкім бойынша сотталушыларға бұрын тағайындалған, әлі өтелмеген жазаның бір бөлігі қосылды. Нәтижесінде ұйымдастырушының көмекшілерінің бірі 6 жыл 6 айға, қалған үшеуі 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот олардың барлығына сегіз жыл бойы азаматтардың ақшасы мен инвестициясын тартуға тыйым салды.

Сотталушылардан жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу үшін ортақ жауапкершілік тәртібімен 111 млн 168 мың теңге, сондай-ақ жәбірленушілер өкілдерінің қызметіне ақы төлеу үшін тағы 700 мың теңге өндірілді.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.