Алматы полициясы пәтерде жезөкшелікпен айналысқан орынды анықтады

Пәтерден 20–35 жас аралығындағы төрт әйел анықталып, олар полицияға жеткізілді

Алматы полициясы пәтерде жезөкшелікпен айналысқан орынды анықтады
видеодан скрин

Алматыда полиция қызметкерлері интимдік қызмет көрсету орны болған деген күдікпен пәтерді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ықтимал заңсыз әрекет туралы ақпарат «102» пультіне түскен. Шақырту бойынша оқиға орнына «Буран-220» патрульдік экипажы жедел жетті.

«Жалға алынған пәтерден құқық қорғау қызметкерлері 20-дан 35 жасқа дейінгі төрт әйелді анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарған. Біреуі әкімшілік жұмыспен айналысқан, екіншісі тапсырыс қабылдаған, ал тағы екеуі интимдік қызмет көрсеткен деген болжам бар», – деп хабарлады полиция.

Полиция анықтағандай, төрт әйелдің барлығы Алматыға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген. Олар анықталғаннан кейін Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Қазір құқық қорғау органдары әйелдердің жеке басын тексеріп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар бұл қызметті ұйымдастыруға қатысы бар болуы мүмкін адамдар іздестірілуде.

Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады.