«Англияға жұмысқа орналастырамын»: Көкшетаулық әйел 92 адамнан 70 млн теңге жинап алған

«Англияға жұмысқа орналастырамын»: Көкшетаулық әйел 92 адамнан 70 млн теңге жинап алған
Фото: istockphoto.com

2024 жылдан бері Көкшетау тұрғыны қазақстандықтарға шетелде жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берген. Ол қызметі үшін 250 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көкшетау қалалық сотына сілтеме жасап. 

Алайда міндеттемелерін орындамай, байланысқа шықпай кеткен. Жалпы шығын көлемі 92 жәбірленуші бойынша шамамен 70 млн теңгені құрады.

Көкшетау қалалық соты аса ірі көлемдегі алаяқтық ісін қарады.

Сот мәліметінше, әйел 2024 жылдан бастап шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттарды рәсімдеу қызметін ұсынған. Әлеуметтік желілерде өзін блогер ретінде таныстырып, қызметтерін жарнамалаған.

Кәсіпкер клиенттермен келісімшарт жасасып, визалар мен медициналық сақтандыруды рәсімдеген, Англияға ұшу күндерін талқылаған. Алайда ақшаны алғаннан кейін байланысын үзген.

Жәбірленуші ретінде Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларының, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 92 тұрғыны танылды.

Оның кінәсі жәбірленушілердің көрсетулері, құжаттар, банк көшірмелері және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталған.

Сот қандай үкім шығарды?

Кәсіпкер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар оған бес жыл бойы азаматтардың ақшасын коммерциялық және өзге де қызметке тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

«Сот кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сотталған әйелдің асырауында екі баласы болғандықтан, бас бостандығынан айыру жазасын орындау бір жылға кейінге қалдырылды», – деп мәлімдеді сот.

Сот сондай-ақ 28 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды. Олардың пайдасына әрқайсысына 200 мыңнан 1 млн теңгеден астам көлемде материалдық шығын өндірілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.