Петропавлда автобуста әйелге тиісіп, балағаттаған ер адам 15 тәулікке қамалды
Оқиға кешкі уақытта қоғамдық көлікте болған. Сот ер адамның әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды
Петропавлда сот автобуста бейтаныс әйелге тиісіп, балағат сөздер айтқан ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық сотқа сілтеме жасап.
Іс қаланың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.
Оқиға 7 қазан күні сағат 18:30 шамасында №4А автобуста болған. Соттың мәліметінше, ер адам қоғамдық тәртіп пен жолаушылардың тыныштығын бұзған.
«Ер адам кінәсін толық мойындап, құқық бұзушылықтың мән-жайын растады», – делінген сот хабарламасында.
Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша сараланып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.