Астанада экс-сүйіктісін төрт ай аңдыған ер адам соттан бір-ақ шықты

Ол 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

Астанада экс-сүйіктісін төрт ай аңдыған ер адам соттан бір-ақ шықты
Фото: istockphoto.com

Астана қаласының тұрғыны қорғау нұсқамасының талаптарын бұзып, төрт ай бойы бұрын бірге тұрған әйелін заңсыз қудалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам әйелге қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Сондай-ақ оның тұрғылықты жеріне барып, үйінің маңында күтіп тұрған және балағат сөздер айтқан. Осының салдарынан жәбірленуші өз өмірі мен кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігіне алаңдап, үнемі қорқынышпен өмір сүрген. Сот оның жеке қауіпсіздікке және еркін қарым-қатынас жасауға деген құқықтарының бұзылғанын анықтады.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен ер адам 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Үкім заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Ведомствоның мәліметінше, адамның еркінен тыс байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау әрекеттері үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.