35 млн теңге жымқырған: Астанада инвестициялық алаяқтыққа күдікті ұсталды

Алаяқ инвестициялық жобаларға қаржы салуды ұсынып, нотариалды келісімшарттар жасаған

35 млн теңге жымқырған: Астанада инвестициялық алаяқтыққа күдікті ұсталды
Фото: © istockphoto.com

Астанада тендерлік жобаларға инвестиция салуды ұсынып, алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 11 жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын шамамен 35 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok пен Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобалар туралы жарнамалар жариялаған. Қызығушылық танытқан азаматтарды бейнеқоңырау арқылы тендерлік жобаларға ақша салуға үгіттеп, ресми әріптестік пен қысқа мерзімде пайда табуға уәде берген.

Өзінің ұсынысына сендіру үшін күдікті клиенттермен нотариус арқылы куәландырылған келісімшарттар жасаған. Алайда ірі көлемдегі қаражатты алғаннан кейін, тергеу нұсқасына сәйкес, уәдесін орындамай, ақшаны өз қалауынша жұмсаған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Полиция азаматтарды инвестициялық жобалар туралы ақпаратты мұқият тексеруге, жоғары табысқа кепілдік беретін уәделерге сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.