Ақтөбе облысында 7 жылға сотталған жылқышы сот залынан босатылды

Сот материалдық шығын көлемін 30 миллионнан 600 мың теңгеге дейін қысқартты

Ақтөбе облысында 7 жылға сотталған жылқышы сот залынан босатылды
видеодан скриншот

Ақтөбе облысындағы Мұғалжар аудандық соты бұған дейін айыпталушы Рахат Сәрсеновті жеті жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда апелляциялық сатыда іс қайта сараланып, жылқышыға рақымшылық туралы заң қолданылып, ол сот залынан бірден босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Kazinform-ға сілтеме жасап.

Рахат Сәрсенов Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету» бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын қанағаттандырып, одан 30 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Алайда сотталушының қорғаушысы бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Іс Ақтөбе облыстық сотында қаралған кезде айыптау актісі өзгертіліп, іс басқа бапқа қайта сараланды.

Сот үкіміне сәйкес, Рахат Сәрсенов тек бір жылқының құны көлемінде ғана материалдық шығын келтіргені анықталған.

«Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 15 мамырдағы үкімі өзгертілсін. Рахат Сәрсеновтің әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағынан 189-баптың 1-бөлігіне қайта саралансын. Оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. «Рақымшылық жасау туралы» заң негізінде бұл жаза 6 айдан 3 айға дейін қысқартылсын. Қамауда болған әрбір күні екі күн ретінде есептеліп, бас бостандығын шектеу жазасы толық өтелген деп танылсын. Сотталушы қамаудан дереу босатылсын», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық сотының сот алқасы.

Сонымен қатар сот азаматтық талапты ішінара қанағаттандырып, материалдық шығын көлемін 600 мың теңге деп белгіледі.

Іс материалдарына сәйкес, Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері Мұғалжар ауданындағы жергілікті шаруа қожалығының жылқысын бағып келген. Ұзақ жылдар бойы осы жұмысты атқарып жүріп, инсульт алған.

«Сотталушы 1993 жылдан бері жылқышы болып жұмыс істеген. Айыптау қорытындысында оған 100 бас жылқыны жымқырды деген айып тағылған еді. Алайда қосымша дәлелдер ұсынылғаннан кейін тек бір жылқының ғана жоғалғаны анықталып, ол бостандыққа шықты», – деді қорғаушы Ибатов.

Сот үкімі жарияланған кезде залға айыпталушының балалары мен жақындары жиналды. Сот залынан босатылған жылқышы сол сәтте көзіне жас алып, үнсіз отырған.

«Жолдасым 32 жыл 6 ай еңбек етті. Біз жылқы бақтық. Осы жұмыстың салдарынан инсульт алды. Бір аяғы мен бір қолы істемей қалды. 1 қарашаға қараған түні оны жедел жәрдеммен Қандыағашқа алып кетті. Емін толық алып үлгермей жатып, сот басталып кетті. Оған «жылқылар жоқ» деп жала жауып отыр. Зейнетақы шотына дұрыс ақша түспеді, өмір бойы бірде-бір рет еңбек демалысын алған емес, тіпті еңбек өтілі де есептелмеген», – деді Райхан Сәрсенова.