Астанада кибералаяқтарды сөзге тартып, уақытты созатын Anti Call-орталық жұмысын бастады

Жүйе қоңыраулардың қай елден немесе өңірден келіп жатқанын, қанша уақытқа созылатынын және қандай нөмірлерге жиі хабарласатынын тұрақты бақылауда ұстайды

Астанада кибералаяқтарды сөзге тартып, уақытты созатын Anti Call-орталық жұмысын бастады
Фото: istockphoto.com

Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ерекше жоба іске қосылды. Қала прокуратурасы мен ұлттық байланыс операторының бірлескен бастамасымен құрылған Anti Call-орталықтың негізгі міндеті – киберқылмыстың жолын қылмыс жасалмай тұрып кесу, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабековтің айтуынша, орталық мамандары Қазақстан аумағынан да, шетелден де келетін күмәнді қоңырауларды анықтап, оларды талдаумен айналысады.

Жүйе қоңыраулардың қай елден немесе өңірден келіп жатқанын, қанша уақытқа созылатынын және қандай нөмірлерге жиі хабарласатынын тұрақты бақылауда ұстайды. Егер бір локациядан жаппай қоңырау шалу немесе әдеттен тыс белсенділік байқалса, ол алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін деген күдік туындайды.

Осындай жағдайда Anti Call-орталығының операторлары күдікті нөмірлерге өздері байланысып, алаяқтарды әңгімеге тартады. Мұндағы мақсат – олардың уақытын мүмкіндігінше көбірек алып, сол аралықта өзге азаматтарға хабарласуына жол бермеу. Сонымен қатар ұзақ сөйлесу байланыс шығынын да алаяқтардың өзіне жүктейді.

«Операторлар кибералаяқтарды желіде барынша ұзақ ұстап тұруға тырысады. Осы уақыт ішінде киберполиция қоңырау шалынып жатқан азаматтарға хабарласып, олардың жеке деректері алаяқтардың қолына түскен болуы мүмкін екенін ескертеді. Осындай тәсілдің арқасында банк бөлімшесінде ірі көлемде несие рәсімдемек болған азаматты дер кезінде тоқтатып, алаяқтықтың алдын алған жағдай да болды», – деді Нұрислам Балтабеков.

Прокуратура мәліметінше, қолға алынған алдын алу шаралары өз нәтижесін бере бастаған. Биыл Астанада алаяқтық қылмыстарының жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға азайса, интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері 12 пайызға төмендеген. Ал өткен жылы елордада екі заңсыз call-орталықтың қызметі тоқтатылған.