Әлеуметтік желіге бейәдеп сөз сөйлеген Алматы облысының тұрғыны қамауға алынды
Ер адам қоғамдық тәртіпті бұзатын бейәдеп сөздер айтылған видеоны әлеуметтік желіде жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Алматы облысында TikTok пен Instagram желілеріне былапыт сөздер айтылған видео жариялаған 22 жастағы тұрғын бес тәулікке қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері бейәдеп сөздер айтылған видеоны анықтаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жазбада жалпыға ортақ қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын ашық түрде менсінбеу белгілері болған.
Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, видеоны жариялаған адам – өңірдің 22 жастағы жұмыссыз тұрғыны Нұрсат Пшан.
Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция әлеуметтік желілер де қоғамдық кеңістіктің бір бөлігі екенін еске салды. Сондықтан қолданыстағы заң талаптары цифрлық ортадағы қолданушылардың әрекеттеріне де бірдей қолданылады.