Астанадағы Президент саябағында қызға шабуыл жасаған күдікті ұсталды

Жәбірленушінің арызынан кейін полиция күдіктіні жедел ұстап, іс материалдарын сотқа жолдады

Астанадағы Президент саябағында қызға шабуыл жасаған күдікті ұсталды
Астана ПД баспасөз қызметінің видеосынан скриншот

Астанада Президент саябағында қызға шабуыл жасады деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды. Оқиға туралы бұған дейін әлеуметтік желіде жәбірленушінің анасы мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қызы Сарайшық көшесі маңында, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы жұмыс орнына бара жатқан кезде Президент саябағында бейтаныс ер адамның шабуылына ұшыраған. Әйелдің сөзінше, күдікті қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасауға әрекеттенген. Алайда бойжеткен қарсылық көрсетіп, қатты айқайлағандықтан шабуылдаушы райынан қайтқан.

«Бүгін, 2026 жылғы 29 шілде күні таңғы сағат 09:05 шамасында елорданың дәл ортасында сұмдық оқиға болды. Жұмысқа бара жатқан қызым Сарайшық көшесі маңында, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы Президент саябағында бейтаныс ер адамның шабуылына ұшырады. Қызымды аман алып қалған жалғыз нәрсе – оның жан даусымен айқайлап, барынша қарсылық көрсетуі болды», – деп жазды жәбірленушінің анасы.

Осыдан кейін ер адам саябақтың ішіне қарай қашып кеткен. Жәбірленуші оның сыртынан бейнежазбаға түсіріп үлгергеннен кейін полицияға арызданған.

«Шабуыл жасаған адам шудан қорқып, саябақтың ішіне қарай қашып кетті. Астана қаласының полициясына ресми арыз берілді, ал бейнежазбаның бар екені хаттамада тіркелді. Ол жаңа құрбан іздеп жүргенде бұл істің жылы жабылуына, жай бұзақылық ретінде қаралуына немесе тергеудің созылып кетуіне жол бермейміз. Бұл – жыныстық қол сұғылмаушылыққа қол сұғу әрекеті!» – деді әйел.

Астана қаласының Полиция департаменті жәбірленушінің арызынан кейін қызметкерлер жедел-іздестіру іс-шараларын дереу жүргізгенін хабарлады.

«Елорда тұрғынына саябақ аумағында жасалған заңға қайшы әрекет фактісі бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын шұғыл түрде жүргізді.  Құқық бұзушының жеке басы қысқа мерзімде анықталды. 27 жастағы ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», – деп мәлімдеді Астана қаласының Полиция департаменті.

Іс материалдары қарау үшін сотқа жолданды.

Полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін бұзатын кез келген заңсыз әрекетке дереу тосқауыл қойылатынын, ал кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылатынын еске салды.