СҚО-да дәмхана иесі ішімдік сату лицензиясынан өмір бойына айырылды: ол кәсібін жабуға мәжбүр болды

Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданында болған

СҚО-да дәмхана иесі ішімдік сату лицензиясынан өмір бойына айырылды: ол кәсібін жабуға мәжбүр болды
ФОТО: СҚО Полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облысында алкоголь өнімдерін сату талаптарын бірнеше рет бұзған дәмхана иесі өмір бойына ішімдік сату лицензиясынан айырылып, ақыры бизнесін сатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданында болған. Кәсіпкер ішімдік өнімдерінің айналымына қатысты заңнаманы қайта-қайта бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл төлеп қана қоймай, алкоголь өнімдерін сату құқығынан біржола айырылған. Кейін нысан жаңа иесінің қолына өткен. Алайда полиция бұл мекемені бұрынғыдай ерекше бақылауда ұстап отыр. Себебі мұнда қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бірнеше рет тіркелген.

Жалпы, жыл басынан бері аудандағы сегіз қоғамдық тамақтану орнында ішімдікті түнгі уақытта немесе 21 жасқа толмаған азаматтарға сату деректері анықталған. Соған байланысты олардың алкоголь өнімдерін өткізу лицензиялары бір ай мерзімге тоқтатылды.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың айтуынша, биыл алты ай ішінде ауданда мас күйінде жасалған 11 қылмыс тіркелген.

«Алкоголь заңнамасын бұзуға қарсы күшейтілген жұмыс – құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды бағыты. Алты ай ішінде полиция қызметкерлері үй жағдайында немесе лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатудың 12 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан 200 литрден астам, оның ішінде контрафактілік алкоголь тәркіленді. Сондай-ақ алкогольге тәуелділігі бар сегіз адам мәжбүрлі емделуге жіберілді», – деді ол.