Астанада ер адам мешітте намаз оқып отырған адамның телефонын ұрлап кетті
Күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен сол күні-ақ ұсталды
Астанада мешіттердің бірінде таң намазына келген азаматтың ұялы телефоны ұрланды. Күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен сол күні-ақ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, ер адам таң намазын оқып болған соң демалмақ болып, ұялы телефонын жанына қойып, қуаттауға қосқан. Осы сәтті пайдаланған тағы бір адам ешкім байқамай тұрғанына көз жеткізіп, қараусыз қалған телефонды жасырын алып, мешіттен шығып кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, күдіктінің жеке басын анықтаған. Көп ұзамай 25 жастағы ер адам ұсталып, ұрланған ұялы телефон тәркіленді. Кейін ол заңды иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қоғамдық орындарда, тіпті қауіпсіз көрінетін жерлерде де бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға шақырды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың куәсі болған немесе қылмыстан зардап шеккен азаматтарға 102 нөміріне дереу хабарласу қажеттігін ескертті.