«Сергектен» айласын асырмақ болды: Астанада жүк көлігінің жүргізушісі нөмірді жасыратын құрылғы орнатқан (ВИДЕО)
Іс сотта қаралып, жүргізуші бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды
Астанада жол қозғалысы ережесін өзгеше тәсілмен бұзған жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол бейнебақылау камераларына («Сергек» жүйесіне) түспеу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін кабинадан отырып-ақ жасыратын арнайы механизм ойлап тапқан,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 34 жастағы Shacman жүк көлігінің жүргізушісі рөлден алдыңғы бамперге дейін темір трос тартып, соның көмегімен мемлекеттік нөмірді бір сәтте төмен түсіріп немесе қайта көтеріп отырған. Осылайша жолдағы автоматты бақылау камералары көліктің мемлекеттік нөмірін оқи алмай қалған.
Алайда жүргізушінің бұл айласы ұзаққа созылмады. Патрульдік полиция көшелерді бақылау кезінде жүк көлігінің жол камерасына жақындай бергенде мемлекеттік нөмірін қозғалыс үстінде жасырып жібергенін байқап қалған.
Осыдан кейін көлік бірден тоқтатылып, жүргізушіге қатысты мемлекеттік тіркеу нөмірін тануға кедергі келтіретін арнайы құрылғымен жабдықталған көлікті басқарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Іс сотта қаралып, жүргізуші бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, оған әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция департаменті жүргізушілерге мемлекеттік нөмірді жасыруға арналған кез келген құрылғыны – пердешелерді, магниттерді немесе қолдан жасалған механизмдерді пайдалану заңға қайшы екенін ескертті. Ведомство мұндай әрекеттерді патрульдік полиция қызметкерлері де, қаланың бейнебақылау жүйелері де оңай анықтайтынын, ал жауапкершіліктен жалтару мүмкін емес екенін атап өтті.