Павлодар облысында заңсыз ақы алып келген екі жағажай енді халықты тегін кіргізетін болды

Прокуратура анықтағандай, осы уақытқа дейін жағажай ұйымдастырушылары Шаңдақсор көлі мен Маралды көлі аумағында Су кодексінің талаптарын өрескел бұзып келген

Павлодар облысында заңсыз ақы алып келген екі жағажай енді халықты тегін кіргізетін болды
Фото: © freepik.com

Павлодар облысында прокуратура араласқаннан кейін халықтың екі бірдей су айдынына еркін кіру құқығы қалпына келтірілді. Бұған дейін жағажай ұйымдастырушылары заң талаптарына қарамастан көл жағасына кіруді ақылы етіп, аумақты қоршаумен жауып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Табиғат қорғау прокуратурасы азаматтардың шағымынан кейін жағажайларды ұйымдастыру заңдылығына талдау жүргізген. Нәтижесінде Шаңдақсор көлі мен Маралды көлі аумағында Су кодексінің талаптары өрескел бұзылғаны анықталды.

Прокуратураның мәліметінше, жағажай иелері қоршау орнатып, күзет бекеттерін қойып, көлге кіру үшін ақы алған. Алайда Су кодексіне сәйкес, азаматтардың ортақ пайдаланылатын су объектілеріне еркін қол жеткізу құқығын шектеуге жол берілмейді.

Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының да сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, балаларға арналған жағажай жабдықталмаған, алғашқы медициналық көмек көрсету орны, кезекші медицина қызметкерлері және қажетті дәрі-дәрмек қарастырылмаған.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты табиғат қорғау прокуратурасы уәкілетті органдарға қадағалау актілерін енгізді.

Қадағалау нәтижесінде Шаңдақсор және Маралды көлдерінің жағажайларына ақылы кіру алынып тасталды. Сонымен қатар, қажетті қауіпсіздік құралдары орнатылып, заң бұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.